Түркістанда  Кеңес Одағының батыры, Сабыр Рақымов еске алуға арналған XXVIІІ халықаралық жарыс басталды. «Olympic center» спорт кешенінде ұйымдастырылған жарыс генерал-майордың туылғанына 122 жыл толуына орай өтіп отыр. Спорт  додасында еркін және әйелдер күресінен 2005-2007 жылы туылған жастар бақ сынады.
 Күрес додасына Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанмен қатар еліміздің барлық облысы мен қалаларынан 456 балуан келіп, боз кілем төрінде тартысқа толы белдесулер өтіп жатыр.  Халықаралық жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев балуандарды және қонақтарды құттықтап, сәттілік тіледі.
ЕРТАЙ АЛТАЕВ – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Рухани шаһарда Халықаралық күрес бәсекесі бастауын алды. 1996 жылдан бері 28-рет жалауы көтерілген жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Бүгінгі таңда облысымызда еркін күрес спорт түрімен 5000-ға жуық балалар мен жасөспірімдер айналысуда. Оларға 200-ден астам жаттықтырушы күнделікті оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Халықаралық турнирдің басты мақсаты жас балуандарымыздың шеберлігін шыңдау, көрші мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен татулықты нығайту. Аталған бағыттардағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады»
Олимпиада ойындарының көркін қыздыратын күрес түрлері бүгінде әлемде қарқынды дамып жатыр. Осы орайда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл халықаралық дода жастардың шеберліктерін арттыруға үлкен серпін береді. Тартысқа толы бәсекеде ұлдар да, қыздар да 10 салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Боз кілем төріндегі жекпе-жектер туралы сайыстың бас төрешісі Ерлан Сейфуллаев жан-жақты тарқатып айтып берді.
 Жарысты Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырды. Халықаралық күрес бәсекесі  3 күнге жалғасады.