Облыстағы мектеп тапшылығы мәселесін шешу мақсатында биыл 50 мектептің құрылысы басталған. Оның 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кезекті іс-сапарын Сарыағаш ауданына арнады. Білім ошақтарының жай-күйін көріп, құрылыс барысымен танысты. Мердігерге нақты тапсырмалар беріп, жұмысты ширату қажеттігін айтты.
Сарыағаш қаласы, «Телемұнара» шағынауданында салынып жатқан жайлы мектептің құрылысы биыл сәуірде басталған. Оның конкурстық құны – 5,1 млрд теңгені құрайды. 900 орынға лайықталған. Құрылыс алаңында 45 адам жұмыс істеп жатыр. Ғимараттың ішкі сылағы аяқталып, әрлеу жұмыстары басталған. Электр сымдары тартылып, жылу, ауыз су, ішкі желдету жүйелері орнатыла бастады. Еденге бетон құйылып қойды. 1, 2, 3-қабаттағы терезелері орнатылды. Бұдан бөлек Дархан Сатыбалды құрылысы Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылдық округінде басталған 900 орындық мектептің де жай-күйін көріп шықты. Мұнда 155 адам жұмылдырылған. Нысанның 1-ші қабаттағы сыныптарына жарықшамдар орнатылып, сыртқы фасад, ішкі бояу, едендеріне линолиум төсеу, сыртқы қоршауын орнату секілді жұмыстар қарқын алған. Мектептің шатыры жабылып, сырты абаттандырылып жатыр. Сондай-ақ мектеп жанынан балаларға арналған ойын алаңшасы да салынуда. Жауаптылар нысанды осы жылдың соңына дейін тапсыруды жоспарлап отыр. Облыс әкімі аталған қос ғимаратты аралап көріп, мердігермен пікір алмасты. Жауаптыларға анықталған кемшіліктерді реттеп, құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, мерзімінде тапсыру қажет деп, қадап айтты.