Төлеби ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Аудан тұрғындары табиғи су көздерін тиімді пайдаланып, сазан, ақ амур, дөңмаңдай сияқты балық түрлерін қолдан өсіруде. Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Киелітас ауылдық округінде орналасқан «Fish House» ЖШС-не арнайы барып, жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер балық шабақтары жіберілген арнайы бассейндерді көрсетіп, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті.
АИДА ТАШЕВА, ТІЛШІ
Кәсіпкер балықтың сазан және форель түрлерін уылдырық арқылы көбейтіп, арнайы жасалған тоғандарда бекіре балығын өсіруді қолға алған. Шаруашылыққа тартылған инвестиция құны – 400 млн теңге. Арнайы жасалған бассейндерге 15 тонна сазан шабағы, 60 тонна форель, 3 тонна бекіре тұқымдас балықтар жіберілген. Мұнда 50-ге жуық ауыл тұрғыны уақытша жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта 30 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Сонымен қатар қожалық иесінің жеке қаржысы есебінен жол бойына заманауи балалар ойын алаңшасын салып, халыққа пайдалануға беру жоспарлануда. Кәсіпкердің сөзінше, форель балығы салқын кезде арнайы орында өсіріліп, күз мезгілінде ашық бассейнге жіберіледі. Сондай-ақ, ол ауданға келуші туристерге балықтың бірнеше түрін ұсынып, этно стильде дәмхана ғимаратының құрылысын жүргізетінін жеткізді. Бүгінде тоған айналасына ерекше жеміс ағаштарын егіп, абаттандыру жұмыстары қолға алынған.