Түркістан облысында аса қауіпті инфекциялық ауруға қарсы іс-шаралар жүргізілуде. 6 айда төрт түлік пен үй жануарларына 9,9 млн. доза вакцина егіліп, жоспар 83%-ға орындалған. Облыс әкімдігінде өткен мәжілісте осы саладағы мәселелер талқыланды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Түркістан облысында 36 981 үй жануары дерекқор базасына енгізілген. Бұл ретте, қазынадан 4,5 млн. теңге қаржы қаралып, 309 сібір жарасы ошақтарына дезинфекция жұмыстары жүргізілген. 6 айда бруцеллез ауруына қарсы 436,6 мың бас ірі қара мал, 2 058,7 мың бас ұсақ мал тексеріліп, жоспар 100 % орындалған.
Жиында облыс әкімі жауаптыларға эпизоотиялық және энзоотияға қарсы ветеринариялық шараларды жандандырып, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, Сібір жарасы, құтыру ауруларына күресті күшейту жөнінде тапсырма берді. Жауапты мамандардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, бұл мәселелер қатаң бақылауға алынатыны айтылды.
Аймақтағы арнайы комисияның тексеруі барысында бірнеше аудандағы қораларда механикалық тазалық жұмыстары жүргізілмегені анықталған. Бұл бойынша тиісті залалсыздандыруды күшейту керектігін айтқан өңір басшысы кемшіліктерге жол берген салаға жауапты бірінші басшылардың тәртіптік жауапкершілігі қаралатынын қадап тұрып айтты.