Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға бірқатар өзгерістер енді. Бұдан бұлай елімізде медициналық көмектің бірыңғай базалық пакеті жасақталады. Бұл - сақтандыру мәртебесіне қарамастан, жиі кездесетін ауруларға тегін көмек көрсетуді көздейді. Әлеуметтік осал топ өкілдері үшін біршама жеңілдік қарастырылған. Яғни, бес жыл үздіксіз жарна төлегендер сақтандыру мәртебесі уақытша тоқтаса да, алты ай бойы медициналық сақтандыруды емін-еркін пайдалана алады.


Әлеуметтік осал топ өкілдері мен ресми жұмыссыздарға сақтандыру жарнасы жергілікті бюджет есебінен төленеді. Ресми статистикаға сүйенсек, 1 млн 271 мың тұрғыны бар мегаполис халқының 81%-ы МӘМС жүйесіне тіркелген. Енді оларға көрсетілетін қызметтің аясы кеңіп, шеңбері ұлғаяды.


АРАПКҮЛ ІЗБАСАРОВА, ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

– «Бұған дейін тюберкюлез бен вич инфекциясы тексерілетін болса, енді созылмалы вирустар мен гепатит, бауыр серозы, қатерлі ісіктер, психикалық ауырулар сияқты жиі кездесетін ауырулар бойынша көмек көрсетіледі.» 


 Жүйедегі өзгеріс пациент пен дәрігер үшін қызмет тізбегінің шекараларын айқындап, ашықтығын қамтамасыз етеді. Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, мемлекеттік және сақтандыру бағдарламалары арасындағы қайталануды жояды.


БАҚЫТЖАН АБДУЛЛАЕВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

- Біздің басымдығымыз өзгеріссіз қалады. Бұл халықтың әлеуметтік санатына қарамастан елді МӘМС-пен барынша қамту. Бұл жерде не өзгереді? Ауыруларды ерте анықтау. Онко скрингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан Қазақстандықтарға қолжетімді болады.»


Жыл басынан бері Шымкентте 500-ге жуық күрделі әрі қымбат операциялар тегін жасалған. Барлық шығын, яғни 1,8 миллиард теңге МӘМС есебінен өтелген. Жыл соңына дейін тағы мұндай 1000 ота жасалады деп жоспарланып отыр.