Қазақстандық коледждер әлемдік деңгейге көтеріліп, жаһандық білім беру ұйымдарымен бесекелеседі. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін интернационалдандыру жұмыстары қолға алынған. Күн тәртібіндегі мәселе - стратегия аясында Қазақстандағы кадр даярлау сапасын арттырып, отандық колледждерді жаһандық білім беру кеңестігіне шығару.
Ол үшін 10 негізгі халықаралық бастама жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания, Грузия және Ресей сияқты сегіз ел серіктестерімен 50-ден аса меморандум жасалған. Халықаралық жобаларға Алматы, Астана, Шымкент, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл және Маңғыстау облыстарынан 20-дан астам колледж қатысады. Ең көп келісім Қытай Халық Республикасымен жасалған. Ынтымақтастық аясында Қазақстан-Қытай кәсіби колледжі құрылатын болады. «Бұл бастамалар – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жаңғыртудың маңызды қадамы болып табылады.» - дейді Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Асет Мұханбетов.