«Шымкенттің бренді-өнерлі адамдар!» Осылай деген Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова өңірге сапары аясында мәдениет майталмандарымен жүздесіп, олардың жағдайымен танысты. Кездесу барысында өткір-өткір мәселелер қаузалып, жиналғандардың көкейінде жүрген сұрақтары тыңдалды.
Жиында мәдениет ошақтары өкілдері мен руханиятқа үлес қосып жүрген бірқатар азамат, мәслихат депутаттарының басы қосылды. Кездесуге қатысқандар сенатордан әуелі сала қызметкерлерінің жалақысын өсіруге ықпал етуін сұрады. Әсіресе, қазір өзекті болып отырған театр ордаларындағы штат мәселесін қайта қарастыруды өтінді.
ДАРХАН БАЛАЖАНОВ, Ж.ШАНИН АТЫНДАҒЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҚАЗАҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Жалақы мәселесін көтерген себебім, былай. Бізде цех меңгерушісі сол цехте қызмет ететін адамнан жалақы алады. Ал, цех меңгерушісінің атқаратын жүгі көп. Жауапкершілігі жоғары мамандық, жұмыс. Көбісі жауапкершілігі жоғары, бірақ жалақысы аз болғандықтан, ол жерде бөлім цехтің меңгерушісі ретінде жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан, цехта қарапайым қызметкер болып жұмыс істеу ыңғайлырақ. Себебеі, жауапкершілік алмайды. Осындай мәселелерге тіреліп қаламыз біз.
Ал, өнер қызметкерлерінің талап тілегін тыңдаған депутат өз кезегінде Парламент сессиясында қайта қаралып, мақұлданған «Мәдениет туралы» заңға біршама түзетулер енгізілгенін жеткізді. Қатарында мәдениет иелерінің тұрмыстық хал –ахуалы да қарастырылғанын тілге тиек етті.
АЙГҮЛ ҚАПБАРОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
Осындай проблемалар бар. Бірақ бұл мәселені біз Парламентте көтеріп отырмыз. Бұл талқылану үстінде қазіргі таңда.Өйткені, біз кітапханаларды ғылыми деп бөлгенімізбен олардың атқаратын қызметтері мен жұмыс істеу тәртібі бір. Сондықтан, әрине осындай мәселелер бар.
Сондай-ақ, кадр сапасын арттыру, соның ішінде театр-музей қызметкерлерінің біліктілігін растайтын құжаттар енгізілуі тиіс,-деді халық қалаулысы. Шығармашылық ұйымдарға Ұлттық атау беруге қатысты да ой қозғалды. Онымен қоса, қаладағы сапасы сын көтермейтін мәдени ошақтарға жөндеу жұмыстарын жүргізуді назарға алатынын жеткізді.