Өзге ұлт пен ұлыс өкілдері қазақтың жыр дастанын жатқа айтты. «Бабалар үні» байқауы «Елтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында ұйымдастырылған. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өткен байқау этнос өкілдері арасында қазақтың ауыз әдебиеті мен ұлттық өнерін ұлықтауға арналған.
Іс-шараны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов ашып берді. Байқаудың ұлттық рухты жаңғыртатын, жас буынның бойында мақтаныш пен отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Жалпы байқау мемлекеттік тілді насихаттау, талантты эпос жырын орындаушыларды анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған.
ЭЛДАР МУТАЛИПОВ, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ
Мен өзім Бабалар эпостық жырға Алпамыс жырына дайындалып келдім. Сосын Ескендір поэмасын жаттаған болатынмын Осы екі жырды алып келдім.
Ұлттық өнерді ұлықтаған байқауға өңірдегі барлық аудан, қалалардан жиналған этнос жастары қатысты. Қатысушылардың өнерін сараптаған қазылар үміткерлердің жырды жатқа айту шеберлігіне аса мән берді. Дауыс ырғағына, сахналық мәдениетіне және эпостың мәнін дұрыс жеткізуіне де назар аударды.
ОЙНИСА АЛАЯРОВА, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ
Мақсаты Қазақстандағы өзге этнос өкілдерінің қазақ тіліне деген құрметін ашу. Яғни эпостық жырларды жатқа айтып оларды рухани сезіндіру.
Нәтижесінде, түлкібастық Азиза Кажиева 1-орынды жеңіп алды. Жүлделі 2-орынды сарыағаштық Ойниса Алаярова, 3-орынды жетісайлық Наргиза Гайбуллаева иеленді. Бұдан бөлек, өнерімен озық шыққан қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.