Президент Жоғары аудиторлық палата төрағасын қабылдап, есебін тыңдады. Әлихан Смайыловтың ақпаратынша, биылғы жартыжылдықта 20 триллион теңгені қамтитын 12 мемлекеттік аудит жүргізілген. Тексерістер орта білім беру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, цифрлық даму, электр энергетикасы және жоғары жетістіктер спортын қаржыландыру секілді негізгі салаларды қамтыған. Үкіметке және аудит жүргізілген нысандарға 60-тан астам ұсыныс пен 450 тармақтан тұратын ұйғарым берілді. 20 факті бойынша іс материалдары құқық қорғау органдарына жолданды. Енді Жоғары аудиторлық палата бюджеттен тыс қорларды тексеру құзыретіне ие болды. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аудит жүйесін кезең-кезеңімен дамытуды тапсырды. Бұл ретте оның тиімділігі мен ашықтығына баса мән берген жөн, - деді президент.