Студенттер киім арқылы экологиялық проблеманы көтерді. Ұлттық нақыштағы костюмдер коллекциясы еліміздегі Арал теңізінің тартылуын суреттейді. Жастар осы арқылы өзекті мәселеге ел назарын аударуды, өздерінің азаматтық көзқарасын білдіруді көздеген.  

 Ұлттық киімдер жинағы тек сәндік мақсатты көздемей, Аралдың қайғылы тағдыры мен оның қазіргі жағдайына қоғамның назарын аударуды мақсат еткен. Костюмдер мақта матаның көмегінсіз, жүн мен киіз элементтерінен жасалған. Әр туынды теңіз суының тартылуын, флора мен фаунаның жоғалуын және тұрғындардың өмірінен сыр шертеді.

ҰЛЖАН ЕРҒАЛИЕВА, СТУДЕНТ   

«Арал проблемасы – 20 ғасырда адамзат туғызған ең үлкен апаттың бірі. Әсіресе, сән индустриясына мақта өсіруге жылына 96 млрд шаршы метр су кетеді. Бұл әсіресе, су тапшы жерлерде қатты әсер етеді. Сондықтан, Аралдың тартылуына себеп болды»

Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр дәріптеле бастады. Ал қазіргі таңда қазақы және көне түркілік нақыштағы киімдер мен атрибуттар трендке айналды. Жастардың өзі жарыса насихаттап, сән әлемінің ажырамас бөлігі ретінде еніп кетті.

ДӘУЛЕТХАН БОЛЫСБАЕВ, «БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ ЖӘНЕ ДИЗАЙН» КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ     
       
«Қазіргі таңда студенттердің бәрі осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Себебі, бізге шетелдік сарапшылар жиі келеді. Сол кезде мамандар ұлттық нақыштағы киімдерді өте жоғары бағалады»

Ұлттық киім коллекциясы Арал теңізінің экологиялық мәселесін ерекше қырынан көрсетіп, қоғам назарын маңызды проблемаға назар аударуға мүмкіндік берді. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама – шығармашылық арқылы экология мен мәдениетті ұштастырудың үлгісі. Алдағы уақытта жас дизайнерлер сәндік қана емес, мәндік маңызы бар коллекцияны жасау ісін жалғастыра бермек.