Түркістан облысының аумағында жедел-іздестіру және алдын алу іс-шараларының нәтижесінде 2024 жылы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 16,8%-ға төмендеді. Аталған кезеңде криминалдық полиция сегіз қылмыстық топтың әрекетін тоқтатып, 16 пәтер ұрлығына қатысы бар 40 адамды ұстады. Мал ұрлаумен айналысқан 16 топ жойылып, 40 күдікті құрықталды. 791 ұрланған мал иелеріне қайтарылды.
Мәселен, Келес ауданында жедел уәкілдер жалпы сомасы миллион теңгеден асатын мал ұрлығының үш фактісіне қатысы бар төрт күдіктіні ұстады. Олардан төрт түліктің бірнешеуі және Газель тәркіленді. Сонымен қатар ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлері қылмыстық топтың 13 мүшесі мен көшбасшысын ұстады. Полицейлер 117 қылмысты анықтады. Оның ішінде 17 факт бопсалау, 34 қару және есірткі сақтау ісі, үш өз бетінше жер қойнауын пайдалану дерегі және үш заңсыз көші–қонды ұйымдастыру фактісі бар. 21 қару, 500-ден астам оқ-дәрі, екі келіге жуық есірткі затын тәркіледі. Сондай-ақ экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының полицейлері терроризмді насихаттаудың бес дерегін және терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама берудің төрт фактісін қоса алғанда, 24 қылмыстың жолын кесті.