Бейбіт қатар өмір сүрудің үлгісі. Шымкенттегі 12 конфессияның 32 діни бірлестігі туралы сарапшылар осылай баға беріп отыр. Қоғамдағы татулық пен толеранттылық, әркімнің діни наным-сеніміне құрметпеу қараудың арқасында халық ынтымақта күн кешіп жүр. Бұл жөнінде Шымкент қаласы дін істері басқармасының басшысы айтты.
Конфессиялық келісім мен толеранттылық. Қазақстанның ұстанған саясаты – осы. Зайырлылық пен рухани құндылықтың арқасында түрлі диаспоралар өз дәстүрі мен дінін еркін ұстанып жүр. Қазақстан Конституциясы дін ұстану еркіндігіне кепілдік береді, бұл принцип Шымкенттегі діни ұйымдардың қызметін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
БАХТИЯР ӨНЕРБАЕВ, ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Діни бірлестіктер арасында өзара татулық, оларды бақылау сияқты жұмыстарды жүзеге асырып жатырмыз. Заң бірінші орында болуы керек. Өздеріңіз білесіздер, Конституцияның 14-бабында көрсетілген, ешкімді дініне, нәсіліне, жынысына қарай кемсітушілікке жол берілмейді. 32 діни бірлестік, 12 конфессия бар қалада»
Діни басқарма өкілдері де дінаралық диалогті нығайту, экстремизм мен радикализмнің алдын алу, жастарды рухани тәрбиелеу мақсатында жұмыс атқарады. Әр конфессия мүдделерін құрметтеу – қаладағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудың негізі.
АХМЕТЖАН КЕРІМБЕК, НАИБ-ИМАМ
«Қоғамда бір кемшілік кетсе, бәріміз оған кінәліні іздеәй бастаймыз. Ізгі қоғамда олай болмауы керек. Әр қауым кемшілікті өзінен іздеуі қажет. Менің нендей кінәм бар деп ойлануы керек. Сол кезде кемшіліктің, қателіктің ізі де қалмайды»
Қалада түрлі дін өкілдері қатысатын форумдар, кездесу мен қайырымдылық іс-шаралары жиі өткізіледі. Мұсылман және христиан қауымдастықтары бірлескен әлеуметтік жобалар да жеткілікті. Ортақ құндылықтар – бейбітшілік, адамгершілік пен өзара қолдау – қала тұрғындары арасында сенімді қарым-қатынас орнатуға негіз болып отыр.