Отырарлық орман сақшылары 4 миллионға жуық сексеуіл мен 300 мың түп ағаш көшетін дайындап отыр. Жасыл желектерді ерте көктемде қызылдың құмы мен аудан және Түркістан қаласының аумағына отырғызады. Табиғат жанашырлары бұдан бөлек роза гүлін де қаламшадан өсіру әдісін қолға алыпты. Ауа-райын тиімді пайдаланған орманшылар тұқымбақтарды тазалап, жасыл-желектерді көктемге дайындап жатыр.
Тұқымбақта қарбалас.Бірі арам шөп шауып тал-дарақты пұтаса,енді бірі қураған шөптерді өртеп жатыр.Осылайша отырарлық орманшылар тазалықты алдымен өз аулаларынан бастады.
Бар ғұмырын осы салаға арнаған орманшы Қайрат Мамеков 30 жылда 300 мың түп көшет әзірлеген. Тұқымбақ қызметкері оның көбін көше бойлары мен аудан аумағына өз қолымен отырғызған екен. Қазір көпшілік сол тал-дарақтардың көлеңкесін саялайды.
Ал, Сегізбай Жұмәділла орман күтушісі болып жұмыс бастаған. Қазір Балтакөл орманшылығын басқарады. Оған қарасты 300 мың гектардан астам жердің бір шеті Өзбекстанмен екінші жағы Қызылорда облысымен шектеседі. Қызылдың құмы мен орманды алқапты жасыл желекпен көмкеру бағытында жылына мыңдаған көшет егеді. Оған қажетті өскіндері өздері тұқымбақта әзірлейді.
Отырар орманшылығына қарасты алқаптың басым бөлігі жасыл желекпен көмкерілген. Жалпы 40 гектар тұқымбақ бар. Ол жерлерде сексеуіл көшетімен қатар жай арша, боз арша, қара ағаш, шаған, үйеңкі, өрік пен жиде тұқымнан өсіріледі. Табиғи жолмен өсімі азайып кетен сексеуілді екпе және сеппе түрімен көбейтіп келеді. Соның арқасында мекемеге қарасты 1 миллион гектардан асатам жердің 700 мың гектарға жуығы орманды алқапқа айналды. Яғни жердің 70 пайыз жасыл желекпен көмкерілген.
Отырарлық орманшылар былтыр қызылдың құмына 4 миллионға жуық сеуксеуіл көшетін отырғызған. Оның 70 пайызы өніпті. Тұқымбақта өсірген 300 мың түп түрлі ағаш көшеттерін аудан мен Түркістанның көрікті жерлеріне отырғызған. Биылғы көшеттер де дайын тұр. Ерте көктемде көшеттейді.