Елімізде 85 мыңнан астам адамның көру қабілеті бұзылған. Оның ішінде балалардың саны 7 мыңнан асады. Бұл туралы Сенат отырысында белгілі болды. Енді көзі нашар көретін жандарға ақпарат алу жеңілдейді. Сенаторлар Марракеш шартын ратификациялау туралы заңды қарап, мақұлдады. Құжатта көру қабілеті төмен адамдарға, зағиптарға арналған кітап, журнал, оқу материалдарының қолжетімді болу жолдары нақтыланған.   
Әлемдік деңгейде жарияланған кітаптардың 7 пайызы ғана тиімді форматтарда ұсынылады. Яғни,  әріптері үлкейтіліп, аудио нұсқада беріледі. Енді осындай мүмкіндік арттады. Яғни, автор келісімінсіз туындылар көзі нашар көретіндер мен зағиптарға ыңғайлы нұсқада ұсынылады.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ  
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кұқықтарын қорғау және оларға тең мүмкіндіктер қалыптастыру – әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Осы ретте, қаралған шарттың ережелері көру қабілеті бұзылған адамдардың әдеби және көркем туындыларға қолжетімділігін арттыруды көздейді. Атап айтқанда, келісім аясында тараптар арасында қолжетімді форматтағы даналармен алмасу және оларды импорттау тетіктері қарастырылды. Мақұлданған заң елімізде инклюзивті орта қалыптастыруға оң үлесін қосады деп сенеміз