Қазіргі қоғамдағы қиын көрініс. Жастардың сандалып жалдамалы пәтірде күн кешуі. Қаржыдан қысылып жүрсе де жастық жалын, махаббат оты өшкен бе? Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Түркістан музыкалық-драма театры» 18-19 қаңтарда жаңа қойылымды жарыққа шығарады.
Түркістандық өнерпаздар «Жалдамалы пәтер» спектаклінің тұсауын кесіп, көрермен назарына ұсынғалы отыр. Бұл шығарма жас актер Мұзафар Ғалымжанұлының тырнақалды туындысы. Театр ашылғалы бері еңбек етіп келе жатқан талантты әртіс бұл күні өзін автор әрі режиссер ретінде жаңа қырынан сынап көрмекші.
МҰЗАФАР ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ , ҚОЙЫЛЫМ АВТОРЫ
«Жалдамалы пәтер» спектаклі жастарға арналған бірінші кезекте. Орта буын келіп көрсе болады. Қыз бен жігіттің махабаты және өмірі тұрмыстық жағдайы бейнеленген.
Аты айтып тұрғандай, спектакльдің көтерер тақырыбы өзекті. Тіршіліктің қамытын киіп, күнделікті күйбеңмен жүрген қаншама жан бәз біреудің босағасында пәтер жалдап күн кешуде. Жалдамалы пәтер жанға сая бола ма? Ал егер ол үйден күтпеген жерден тағдырыңды жолықтырсаң ше? Жұмбақ жағдайда танысқан қыз бен жігіттің арасын өнерге деген құштарлық жақындата ала ма? Музыкалық драма мен комедия жанрларын ұштастырған махаббат хикаясының әрі қарай қалай өрбитінін білгіңіз келсе, театр қойылымын тамашалаңыз.
АИДА СЕРИКОВА, ӘРТІС
Бұл қойылымды үлкендер көрсе өзінің өткен шағын көз алдына елестете алады. Барлық жастағы көрермен өзіне керегін ала алады. Махабат, жастық шақ қазіргі замат тіршілігі барлығы қойылымнан көрініс тапқан.
Басты рөлдерде ойнайтындар: Қадыржан Төреханов, Аяжан Жұмабек, Досымжан Арқабеков, Аида Серикова, Темірлан Еркінғалиев, Ақ-Сұлтан Әнуарбек, Ұлан Әділбек, Мейіржан Тұрсынов, Ақбала Ыбырайқызы, Болатбек Оспан, Мерей Құдайберген. Қойылымның авторы және режиссері – Мұзафар Ғалымжанұлы, композиторы – Ербол Нариманұлы, көркемдік жетекшісі – Мадина Муратпекова.