Қошқар ата аумағында соңғы жылдары елеулі өзгерістер болды. Тұрғындардың сүйікті орнына айналған бұл табиғи аймақ толық абаттандырылып, жайлы әрі тартымды демалыс мекеніне айналды. Жобаның басты мақсаты – табиғаттың ерекшелігін сақтай отырып, оны тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге ыңғайлы ету.
Абаттандыру жұмысының аясында өзен жағалауы тазартылып, суға түсуге арналған қауіпсіз орындар жасалды. Жаңа соқпақ жолдар төселіп, жайлы орындықтар орнатылды. Балаларға арналған ойын алаңдары мен жасыл белдеулер аймақты толықтыра түскен.
МАРАТЖАН ЕСІМБЕКОВ, «ҚОШҚАР АТА» БҰЛАҒЫНЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ
«Экологиялық жағдайы жақсы. Негізі өзен дендрологиялық саябақ меншігіне қарайды. 30-ға жуық қызметкері бар. Солар тазалық жұмыстарын жүргізеді. Ластануы немесе өзге де кемшіліктерге жол берілмейді»
Қошқар ата өзені тек табиғи сұлулығымен емес, емдік қасиетімен де танымал. Жаздың аптап ыстығында тұрғындар мен қала қонақтары мұнда шомылып, таза ауамен тыныстайды, серуендейді. Аймақ үлкендерге де, балаларға да жайлы жағдай жасап отыр. Жергілікті жұрт аумақтың абаттандырылуын жылы қабылдады.
ИСА МЕЙРАМБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Балаларымды әкеліп шомылдыратынмын, қазір немерелерімді әкеліп, әдетке айналдырып жүрмін. Мұның суы таза ғой, қысы-жазы бір температурада тұрады, емдік қасиеті сол судың мөлдірлігі, тазалығында сияқты»
Өзен аумағы бүгінде табиғат пен қалалық инфрақұрылымның үйлесімді үлгісіне айналды. Бұл тек демалыс орны емес, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын еске салатын ерекше мекен. Тұрғындардың тазарып қайтатын рухани ордасына айналды.
ҚҰРМАНСЕЙІТ ЗИЯЕВ, «ҚОШҚАР АТА» КЕСЕНЕСІНІҢ ШЫРАҚШЫСЫ
«Қошқар ата бабамыздың халқына сіңірген еңбегі зор. Бұл судың құрамында никель, магний өте көп. Алматы қаласында арнайы апарып зерттегенбіз, суының кристалы өте жоғары»
Бұл жобаның іске асуы қала билігінің тұрғындар үшін қолайлы әрі экологиялық таза орта құруға бағытталған саясатын көрсетеді. Енді келешекте аумақты одан әрі дамыту жоспарланып отыр. Оның ішінде экологиялық білім беру іс-шараларын ұйымдастыру және жаңа демалыс аймақтарын құру қарастырылған.