Отырар ауданында 2 мақта өңдеу зауытының қазығы қағылды. Бұл жоба «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС бастамасымен және «Түркістан» ӘКК» АҚ бірлесе жүзеге асырылмақ. Бірегей бастама заманауи су үнемдеу технологияларын қолданады. Жоғары стандартты шикізат базасын қалыптастыруды, соңғы үлгідегі мақта өңдеу зауыттарын, тамшылатып суару таспаларын шығаратын өндіріс орнын қамтиды.
 Мұнда әкімшілік ғимараты, шаруашылық базасы, сорғы станциялары салынып жатыр. Жалпы инвестициялық құны 80 млрд тенге. Жоба арқылы қуаттылығы жылына 160 мың тонналық 4 заманауи мақта өңдеу зауытын іске қосу, 6 мың тонна мақта тұқымын шығаратын өндірістік желісін құру көзделген. Оның ішінде, биыл 2 зауыт іске қосылса, 2026 жылы тағы 2 зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Жоба толық жүзеге асқанда, жақын маңайдағы аудан, қалалардың 1500-ге жуық тұрғыны жұмыспен қамтылады.Отырар ауданында өндірілген шикізат Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында бой көтеріп жатқан жіп иіру, тоқыма, мата өңдеу, бояу және дайын өнім шығару фабрикаларына жеткізіледі. Су үнемдеу технологияларын қолданатын еліміздегі ірі масштабтағы алғашқы жоба өндірістік процесстің барлық кезеңдерін қамтиды. Үздік технологияларды қолдану есебінен су мөлшерін 3-4 есеге дейін үнемдеуге, жоғары өнімділік алуға мүмкіндік береді.