Түркістан облысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев арнайы жұмыс сапарымен келді. Аймақ әл-ауқатын барлап, оны дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар легімен танысты. Су нысандарының жай-күйін бақылап,   мемлекеттік бағдарламалардың халыққа қолжетімділігін тексерді.
 Вице-премьер алдымен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге Сауран ауданына барып, жақында ғана пайдалануға берілген аумақтық органдар ғимаратын аралады. 2,1 гектар аумақта орналасқан ғимаратта мемлекеттік қызметшілер мен тұрғындар үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Өңірді дамыту бағдарламасы аясында ауданда 5 нысан бой көтерген.
Саурандағы аумақтық органдар ғимаратында вице-премьерге аймақтағы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының орындалу барысы таныстырылды. Айта кетейік, аталаған жобаға соңғы 5 жылда 113 млрд теңгеден аса қаржы бөлініп, 1 500 аса жоба жүзеге асқан. 173 әлеуметтік және 104 инфрақұрылымдық нысан салынып, 1 571 ішкі көше орташа жөндеуден өткен. Нәтижесінде 328 елді мекендегі  қажетті инфрақұрылым жетілдіріліп, 10 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылған.
 Одан кейін Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысындағы Шағын өнеркәсіптік паркін аралап, жұмыс барысымен танысты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аймақтағы атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндап, жан-жақты шолу жасады. Сондай-ақ сапары аясында вице-пример жергілікті кәсіпкерлермен де кездесіп, бизнес өкілдері  өндірген өнімдер көрмесін тамашалады. Көрмеде сүт, балық, жеміс-жидек, жартылай фабрикат пен ет өнімдері, Африка түйе құсы, өсімдік шаруашылылы, көкөніс, жылыжай салу, домбыра жасау, қобыз, қолөнер бұйымдарын шығару сынды өзге де жобалардың нәтижелері ұсынылды. Кәсіпкерлер вице-премьермен пікір алмасып, өзекті мәселелерді қозғады. Әсіресе, тауарды сертификаттаудағы қиындықтарды шешуге ықпал етуін сұрады.
 Облыс әкімдігі жариялаған мәліметке сүйенсек, алдағы уақытта өндірістік парк аумағын 100 гектарға кеңейтіп, 150-ден аса өндірістік ғимарат салу көзделіп отыр. Жоба аясында 308 млрд. теңге инвестиция тартылып, 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қанат Бозымбаев «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасын жоғары бағалап, кәсіпорындар ашу, өндірісті дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Сондай-ақ вице-министрдің төрағалығымен арнайы мәжіліс өтті. Алқалы жиында жауаптылар «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, аталған бағдарлама аясында 2019 жылдан бері 700 млрд теңгеден астам, ал «Ауыл аманаты» бойынша 100 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Нәтижесін сараптаған пример-минситрдің орынбасары жергілікті билік өкілдеріне жұмыстарды одан әрі ширату қажетін айтты.
Мәжілісте Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков те баяндама жасады. Айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» басталғалы бері еліміздегі 2 мыңнан астам ауылда 7 мыңға жуық жоба іске асырылған.
 Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ҚР Ұлттық экономика министрлігінің сәйкес екі жобаны біріктіру бастамасы орынды екенін, өңірде барлық аудан, қаланың даму жоспары әзірленгенін, тиісті жұмыстар жүретінін мәлімдеді. Ауылдарды дамыту бағытында да жоспар жасалып, жұмыстар жандана түспек, - дейді ол.
 Жиында аталған жобаларды жүзеге асыруда Түркістан облысы үздіктер қатарында екені айтылды. Ұсыныстар мен есептер тыңдалды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы облыста 602 ауылдық елді мекенді жаңғыртудан өткізу жоспарланған.
 Мәжілісті түйіндеген Қанат Бозымбаев жауаптыларға өңірді, ауылдарды дамытуға бағытталған жұмыстарды жүйелі атқару қажетін айтты.