Ақын жаны – асқақ рух пен кіршіксіз сезім тоғысында тулайды. Осылай деген шығыс данышпандары жыршы жанының кіршіксіз, таза, әділ болуы қажетін алға тартады. Қара өлеңге құмар, поэзия сүйер оқырман  бұл тұжырымды ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ханбибі Есенқарақызымен байланыстырады. Тұлғасы өрлікке, жасампаздыққа жақын жан халық жадына жатталған біршама өлеңдердің авторы. Мереке қарсаңында қайраткер тұлғасы жайында жасалған бейнесюжет ұсынамыз.  

«Парсат» орденінің иегері, «Қанат қақты», «Бұлтсыз аспан», «Жұлдызым», «Жангүлім» сынды бірқатар әдеби кітаптардың авторы Ханбибі Есенқарақызы қоғамдық мәселелерге де белсене араласады. 1987 жылы облыстық «Қайырымдылық және денсаулық қорын», 1989 жылы өңірлік «Қазақ тілі» қоғамын басқарған. Бұл салада ол мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтетін «Тіл туралы» заң жобасын жасауға қатысқан. Лауазымды қызметтер атқарып, ел ісіне үлес қосқан. Өлеңдері орыс, украин, өзбек, якут тілдеріне аударылған танымал ақын «өзім зейнетке шыққаныммен қаламым зейнетке шыққан жоқ» дейді.
Былтыр үлкен экрандарға жол тартқан «Нурикамал» фильмі – ақын тағдыры мен оның осы атаумен жазылған өлеңін суреттейді. Шынайы оқиғаға негізделген кино сюжеті шиеленіске толы. Онда ақынның шығармашыл жұбайы өзге жанға құмартып, ғашық болғаны көрсетіледі. Күйеуінің оғаш әрекетін байқаған зайыбы оны қараламай, керісінше қолдау танытады. Мұны көрген көрермен пікірі екіге жарылып, ел ішінде екі ұдай көзқарас қалыптасты. Бір топ мұны кешіруге болмайтын сатқындық, көзге шөп салуды насихаттау деп ұқса, автордың өзі «бұл асқақ махаббатқа бас ию» деп түсіндіреді.

 ХАНБИБІ ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ, АҚЫН, «АЛАШ» ӘДЕБИ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ
 – «Бұл жерде ешқандай отбасыны бұзатын, сендер осындай болыңдар дейтін насихат жоқ. Бұл жерде таза, мөлдір махаббат. Ал махббатты сөндіру ешкімнің қолынан келмейді.»
 
 Жыр сүйер қауым Ханбибі өлеңдерін жоғары бағалап, шығармашылығына бас иеді. Оның өлеңдері оқыған көздің зейінін ашып, тыңдаған құлақтың құрышын қандырады дейді зиялы қауым өкілдері. Арна ұжымы халық ардақтысын халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, оған шығармашылық шабыт тілейді.