8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні және 9 наурыз туған күнімен Шымкент қаласы бойынша «Қарулы күштер ардагерлері» кеңесінің төрағасы Серікбай Оңбаев бастаған бір топ әскерилер Нина Мосунованы құттықтап барды. Соғыс ардагері биыл 101 жасқа толып отыр.  

Құттықтау барысында отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев еліміздің кешегі, бүгінгі және ертеңге қорғаушылары атынан Нина Егоровнаға ерлігі үшін шексіз алғысын білдірді. Соғыс ардагеріне сыйлықтар табыстап, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі. Құттықтауларды зор ықыласпен қабыл алған Нина Мосунова жас ұрпаққа патриоттық, Отанға деген адалдықтың маңыздылығын еске салып, ақ батасын берді. Нина Егоровна Татарстанда көп балалы отбасында дүниеге келген. Соғыс басталғанда небәрі 17 жастағы қыз әкесі майданға кеткеннен кейін әскерге шақырылады. Радистердің жеделдетілген курстарына жіберіліп,  еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында бөлімше командирі болады. Соғыс ардагері әлі күнге дейін сигналдар мен кодтарды естен шығармаған. Ең қорқынышты сәттер жаудың оқ астында байланыс жасап, ақпарат жіберу болды, дейді Нина әжей. Соғыстан кейін нағашы жұртына қонаққа келген Нина Мосунова осында тұрақтап отбасын құрады. Зейнетке дейін «Взрывпром» ұйымына машинистка болып жұмыс істейді.