Қолын сындырса да, жүлде жолын бермеді. Шымкенттік Ардана Маханова - мықты рухтың иесі екенін аспан асты еліне барып дәлелдеп қайтқан спортшы. Ерік-жігер мен жеңімпаз жүректі қаршадай қыз Азия ойындарының қола жүлдесін алып оралған еді. Мереке қарсаңында арнаның түсірілім тобы 18 жастағы батыр қызды арнайы құттықтап барды.
 Ардана 12 жылдан бері фристайл-акробатикамен айналысады. Бала кезінен биік шыңдарды бағындыруды мақсат еткен ол осы уақыт ішінде талай қиындықты еңсерді. Бірақ Қытайда өткен Азия ойындарындағы жағдай ерекше есте қаларлық. Қолын сындырып алғанына қарамастан, жарыс жолында есе жібермеді. Алайда, өзі мұны ерлік деп санамайды.
Ол – тек спортшы емес, қазақ қыздарының мықтылығын дәлелдеген нағыз батыр. Әр қиындықтан шыңдала түсу анасынан алған тәлімі. Қыздарын әр кез қолдаған Күлзада ханым перзенттерінің ел көріп, жер аралағанын армандапты.
 Спортшы ару қысқы спорт мектебінде бала күнінен тәлім алған. Табанды әрі еңбекқор, қайсар мінезі көп жетістікке жетуіне сеп болды. Сондықтан болар, небәрі 16 жасында Ұлттық құрама сапына кірген.
Ардана қазақ спортындағы батыл қыздарға, арманына берік аруларға үлгі болып үлгерді. Қарлы таудың биігінен секіріп, күрделі трюк орындау – кез-келген адамның қолынан келмейді. Сондықтан болар, әлі де бұл спортқа келетіндер қатары аз болып тұр.