Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында елдегі ғалымдардың жас құрамы туралы дерек келтірді. Оның айтуына қарағанда жыл сайын ғылымды мемлекет есебінен қолдау тетіктері кеңейтіліп келеді.
Еліміздің ғылыми әлеуеті — 25,5 мың ғалым, оның 46%-ы 40 жасқа дейінгі мамандар. Ғылым саласында 425 ұйым жұмыс істейді. Енді гранттық конкурстар жыл сайын өткізіледі. Ал бұрын 3 жылда бір рет өтіп отырған. Постдокторанттар мен жас ғалымдарға гранттар, әзірлемелерді коммерцияландыруды қаржыландыру, іргелі институттарды тікелей қаржыландыру, шетелдік тағылымдамалар және мега-гранттар енгізілді.
Жас ғалымдарға арналған гранттық конкурстар арқылы 2000-нан аса зерттеуші 800-ден аса жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Ғалымдарды қолдау мақсатында алғаш рет 351 пәтер табысталды. Оның ішінде 61-і тікелей Президенттің тапсырмасымен тегін берілді. Ғылыми дәрежелер мен атақтар үшін қосымша төлемдер артты. Ал халықаралық тағылымдамадан өту жалғасып жатыр. «Үздік ғылыми қызметкер» деген сыйлық берілетін болды, басқа да мемлекеттік сыйлықтар, сонымен қоса 50 талантты ғалымға арнайы стипендия тағайындалады. Оған қоса министр ғылыми инфрақұрылымды дамыту бағытындағы мәселелерді баяндады. ЖОО базасында технологиялық парктер мен инженерлік орталықтар ашылып жатқанын айтты.