Қазақстан Республикасы Көлік министрі Марат Қарабаев Үкіметтегі баспасөз конференциясында 2026 жылы елде аэромобильді такси іске қосылуы мүмкін екенін мәлімдеді. «Біз қазір әуежайдан Алатау қаласына дейін аэромобильдерді пайдалана отырып, тасымалды қарастырып жатырмыз. Бұл – бір түрі тікұшаққа ұқсас, бірақ дыбыссыз, сутегі негізінде жұмыс істейтін, 5 адамға дейін сыятын көлік», – дейді министр.
Оның айтуынша, мұндай технологияны Оңтүстік Корея мен АҚШ компаниялары жақсы дамытып жатыр. Қазақстандық компаниялардың бірі аэромобильді саланы дамытуға қызығушылық танытып отыр. Қазір министрлік пилоттық режимде қолдану мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бірінші кезең – Алматыдан Алатау қаласына дейінгі бағыт. 2026 жылы пилоттық режимде іске қосылуы мүмкін. Министр, сондай-ақ, Қазақстан аумағында пилотсыз көліктерді дамыту және қолдану барысында заңнамалық база дайындалатынын айтты.