Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев 28-ші қаңтарда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында экономика салаларын толық цифрландырып, басқа да мемлекеттік қызмет түрлерін түгел автоматтандыру керегін айтқан. Цифрландыру саласын серпілтіп, тиісті ұсынымдарды жедел іске асыру қажетін де шегемдеген болатын. Президент тапсырмасы үшінші мегаполисте қалай орындалып жатыр? Шымкенттегі мемлекеттік қызмет орындары қаншалықты цифрландырылған? Әріптесім Қанат Жолдасбек толықтырады.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемеловтың айтуынша, қаладағы цифрлық ахуалды тиісті министрлік дайындаған «Смарт сити» концепциясы қадағалайды. Ондағы статистика Шымкенттегі автоматтандыру деңгейін 65 пайыз шамасында деп көрсетеді. Басқарма жетекшісі «біздегі кемшін тұс – Тұрғын үй саласы» дейді.
МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «Бұл білесіздер жылу, су, электр энергиясы, газ. Сол салаларды түбіртектерді беру, техникалық шарттарды орындау сынды мәселелерді цифрландыру көзделген.»
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Басқарма IT саласына қызығушылығы бар азаматтарға арнап арнайы курс дайындаған. Оған оқушы да ересек тұлға да бірдей қатыса алады. Сондай-ақ цифрландыру бағытына бейімі барларды бір орынға шоғырландыру мақсатында «Айти хаб» кеңістігі жұмыс істеп тұр. Мәселен жыл басында қаладағы 45 мектептің директорлары мен мұғалімдеріне арнап жасанды интеллект негіздері жайында оқыту сабақтары ұйымдастырылған.
МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «Ол бізде тоқтаған жоқ. Сондай-ақ біз мемлекеттік қызметшілер арасында ЖИ негіздерін үйрету үстіндеміз.»
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Мұхит Кемеловтың айтуынша жұмыстар жүйелі. Басқарма алға қойған жоспарлар бойынша жедел әрекет етіп, мегаполистегі цифрландыру және автоматтандыру деңгейін көтермек.