Елімізде жыл сайын 37 мыңнан астам адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады. Өкінішке қарай, дертке шалдыққандардың жартысына жуығы өмірмен қош айтысады екен. Шымшаһарда осы өзекті мәселенің алдын-алу мақсатында кең көлемді конференция өтті. Шараны Қоғамдық денсаулық сақтау институты ұйымдастырып, қатысушылар онкологиялық ауруларды алдын-алу жолдарын талқылады.


Жиын ұйқы безі мен тері обыры, сүт безі қатерлі ісігі тақырыптарын қамтыды. Конференцияға онколог дәрігерлер мен медицина мамандығында білім алатын студенттер қатысты. Мамандар обыр түрлерін ерте анықтаудың маңыздылығын атап өтіп, аурудың алдын-алу жолдары жайлы баяндама жасады.


 ДИНАРА ЖҰМАНОВА, САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ

— «Іс-шараның негізгі мақсаты онкологиялық аурулардың алдын-алу, халықты хабардар ету, скринингтік тексерулердің маңыздылығын түсіндіру, салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады.»


 2008 жылдан бері елімізде сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған скринингтік бағдарлама жүзеге асып келеді. Жоба аясында 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер емханалар мен онкодиспансерлерде тегін тексеруден өте алады. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай профилактикалық талдаулар ісікті ерте кезеңде анықтап, дертпен күресуге мүмкіндік береді. Дегенмен кейбір науқастар дәрігерге ауру белгілері айқындалған кезде ғана жүгінеді.


ТҰРСЫНӘЛІ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ДИСПАНСЕРІНІҢ ОНКОЛОГ-ДӘРІГЕРІ

 — «Қазіргі таңда әр жыл сайын жаңа нұсқадағы техникалық аппараттар жетіліп келе жатыр. Яғни осы сәтке дейін дәрігерлер 1,5–2 см-лік ісікті анықтап келсе, арнайы аппараттар арқылы тіпті 3 мм-лік ісікті анықтауға болады. Науқастың ағзасында қандай да бір ісіктің пайда болғанын гистологиялық тәсілдердің көмегімен алдыңғы сатысында да айқындауға болады.»


Шара барысында қатысушылар қатерлі ісікке қарсы күрестегі жаңа ғылыми тәсілдер мен диагностикалық мүмкіндіктермен танысты. Сондай-ақ, қоғамда онкологиялық сауаттылықты арттыру бағытында пікір алмасты.