Шымкенттің Тұран ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, балалардың бос уақытын тиімді өткізуі мен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жаңа балалар ойын және спорт алаңшаларының құрылысы қарқынды жүруде. Нысандар «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге асырылып келеді.
Биыл аудан аумағында барлығы 32 ойын және спорт алаңшасын салу жоспарланған, оның ішінде 19 балалар ойын алаңшасы, 13 ашық спорт алаңы да бар. Бүгінгі таңда 15 нысан пайдалануға берілді, ал қалғандарының құрылысы бекітілген кесте бойынша жалғасуда. Барлық алаңшаны жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Жаңа нысандар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, балалар мен жастардың спортпен шұғылдануына және аула инфрақұрылымын жақсартуға оң әсер етеді.
ПРОБЛЕМАЛАРДЫ ЖЕДЕЛ ШЕШУГЕ АРНАЛҒАН ДРОНДАР ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Мегаполисте алғаш рет дрондар инфрақұрылымы жүзеге асырыла бастады. Шымкент қаласының әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасындағы серіктестіктің жаңа кезеңі «Smart Shymkent» жобасы аясында қаланы басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған. Нәтижесінде қала аумағындағы стратегиялық нысандарды бақылау үшін 5 дроннан тұратын бірыңғай инфрақұрылым пилоттық режимде іске қосылып отыр. «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылатын жоба қала аумағында туындайтын мәселелерді жедел әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді. Бұл бастама қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, қауіпсіздікті арттыруға және басқару процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.