Шымкентте «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті. Жоба халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, тегін заң көмегін көрсетуді көздейді. Оған басқарма басшылары, адвокаттар, заңгерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, келушілерге құқықтық кеңес берді.
Әлібек Шыналиев жер мәселесін көтерді. Айтуынша, оның ұлы бірнеше жыл бұрын кәсіпкерлік мақсатта жер телімін алған. Құжаттарын реттеп, мүлікті өз атына рәсімдегенімен, оны игілігіне пайдалана алмаған. Өйткені сот оның құжатын жарамсыз деп таныған.
ӘЛІБЕК ШЫНАЛИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Екі рет азаматтық сот болды. Бірнеше рет жарамсыз деп танылды.» «Мөрі бар, біз екі машина бердік. Ауылдан келдік, әлі пәтер жалдап жүрміз.»
Ақсақал базынасын заң өкілдеріне жеткізіп, тиісті кеңес алды. Мәселе шешімін табады деп сенейік. Өйткені мұнда дәл осындай үмітпен мыңнан аса азамат келген. Олар түрлі проблемаларын айтып, шешім жолдарын іздеді. Бірі отбасылық қиындықтарын сөз етсе, енді бірі еңбек заңнамасына қатысты мәселелерін көтерді.
БЕГЖАН ҚҰЛАТАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПРОКУРАТУРАСЫ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Акцияға көптеген тұрғындар қатысып, көкейтесті сауалдарға жауап алып жатыр. Оның дені жер, жол, әлеуметтік, білім салалары мен құқықбұзушылыққа қатысты басқа да сұрақтарға байланысты.»
Акция барысында тұрғындарды қала әкімінің орынбасары, ресми өкіл Сәрсен Құранбек те жеке қабылдап, мәселелеріне шешім іздеді. Айта кетейік, қаланың әр аумағында жиі өтетін мұндай акцияларда тұрғындар жауапты тұлғаларға құқықтық сауалдарын жолдап, сұрақтарына нақты жауап ала алады.