Шалғайдағы тұрғындар сұрағына жауап іздеп, орталыққа сабылмайтын болды. Тиісті сала қызметкерлері жұртшылықтың алдына келіп, жауап береді. Төлеби аудандық Мәдениет үйінде азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Халық заңгері» атты республикалық акция өтті.


Шараға аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Қайратұлы, аудан прокуроры Дабыл Аянұлы, сондай-ақ сала басшылары мен мекеме өкілдері қатысты. Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде мұндай іс-шаралардың қоғам үшін маңыздылығын атап өтті: «Мұндай шаралар тұрғындардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, мемлекет пен халық арасындағы өзара сенімді нығайтады», – деді ол.


ДАБЫЛ АЯНҰЛЫ, АУДАН ПРОКУРОРЫ

«Акцияға барлық уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен лауазымды тұлғалары қатысып отыр. Акцияның басты мақсаты – аудан тұрғындарының көкейінде жүрген сұрақтарына жауап беру».


Акция барысында прокуратура, полиция, әділет, мемлекеттік кірістер басқармасы және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері аудан тұрғындарына тегін заңгерлік кеңес беріп, олардың жеке мәселелерін тыңдады. Келушілер құқықтық сұрақтарына нақты жауаптар алып, қажетті кеңес пен бағыт-бағдар алды. Төлеби – аграрлық аймақ болғандықтан, ауыл шаруашылығына қатысты сұрақтар да көп болды.


АСХАТ РАЙЫМБЕКОВ, КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ

Нақты мал шаруашылығы саласына берілетін субсидиялар жөнінде сұрақтар көбірек түсуде. Таулы аудан болғандықтан, бізде мал шаруашылығы жақсы дамыған. Субсидияның барлығы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан жүргізіледі. Біз тек талаптарын түсіндіріп жатырмыз.


 «Халық заңгері» акциясы – халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға, азаматтар мен билік арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға бағытталған игі бастама. Осындай шаралар ел азаматтарының құқықтық сауатын кеңейтіп, әділ қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.