Ордабасы ауданында «Алтын күз – 2025» және Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні кең ауқымда аталып өтті. Мерекелік іс-шара Темірлан елді мекенінде ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі, мерекелік концерт және еңбек озаттарын марапаттау рәсімімен жалғасты. Шаруалардың шат күнін тілші әңгімелейді.


Аудан тұрғындары мен қонақтары жиналған думанды шараға ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек майталмандары, ауылдық округ әкімдері мен шаруашылық жетекшілері қатысты. Іс-шара барысында аудан әкімі Азат Оралбаев жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, ауыл еңбеккерлеріне ризашылығын білдірді.


 АЗАТ ОРАЛБАЕВ, АУДАН ӘКІМІ

Бүгін біз молшылық пен берекенің, ырыстың мерекесі — Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні мен “Алтын күз” мерекесін атап өтіп отырмыз. Баршаңызға мереке құтты болсын! Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы саласын заманауи талаптарға сай бейімдеу, жаңа технологияларды енгізу, еңбек адамының жағдайын жақсарту — ауданымыздың басты басымдықтарының бірі.


 Биыл аудан бойынша 71 600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 6 925 гектар аумақ су үнемдеу технологиясымен игеріліп отыр. Бұл - су ресурстарын тиімді пайдалану жолындағы маңызды жетістік. Жиынға келгендер мерекенің сәнін сезініп, қуанышын бөлісті.


 ӘЛИЯ СҰЛТАНБЕКҚЫЗЫ, АУДАН ТҰРҒЫНЫ

Жылда осындай “Алтын күз” мерекесі болады. Керемет! Бұл — шаруалар өнімін жинап, жиын-терім өткізетін кез. Үлкен мереке, өте қуаныштымыз.


ҚҰРАЛ ӨТЕГЕН, ТӨРТКҮЛ АУЫЛ ОКРУГІНІҢ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ

Ауыл еңбеккерлерінің еңбегі жана берсін! “Алтын күз” мерекесі жалғаса берсін. Ауданымыз өркендеп келе жатыр. Азат басқарған ауданның жетістіктері өз алдына бір төбе.


Мерекелік шара барысында ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкерлері Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен және сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйінің әртістері мен жас өнерпаздар әзірлеген концерттік бағдарлама көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мереке соңында қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін тамашалап, аудан еңбеккерлерінің жетістіктерін жоғары бағалады.