Түркістан төрінде өңірлік журналистиканың алтын қазығына айналған «Южный Казахстан» газетінің 100 жылдық мерейтойы аталып өтті. Салтанатты шара барысында ғасырлық тарихы бар басылымның ақпарат саласындағы үлесі мен қоғам өміріндегі маңызы баяндалды. Жиынға арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров басылым ұжымын мерейтоймен құттықтап, редакцияға қызметтік автокөлік кілтін табыстады.
Бір ғасырлық тарихы бар «Южный Казахстан» газеті – өңір журналистикасының шежіресімен өрілген, ел өмірінің айнасына айналған басылым. Ғасыр бойы қоғамның тынысын, халықтың мұң-мұқтажы мен қуанышын қалт жібермей жеткізіп келе жатқан бұл газет талай буын журналистердің кәсіби мектебі болды. Уақыт сынынан сүрінбей өткен ақпарат құралы өңірдің қоғамдық-саяси және мәдени өмірінде айрықша орын алады. Жиында сөз алған қала әкімі Нұралхан Көшеров баспасөздің өңір дамуы жолындағы маңызына тоқталды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Ғасырға жуық тарихы бар «Южный Казахстан» газеті – ғасырдың шежіресі, өңірдің айнасы деуге болады. Халықтың сенімді серігіне айналдыңыздар. Себебі, күнделікті өмірде тұрғындар сіздердің көмектеріңізге жиі жүгініп жатады, мақалаларыңызды оқиды, сұхбаттарыңызбен танысады. Газетіміз мың жылдыққа жете берсін!
Мерейтой аясында қатысушылар қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарының даму бағыты мен цифрлық дәуірдегі газет жанрының болашағы жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ, баспасөз саласының ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың аймақ журналистикасына қосқан үлесі жоғары бағаланды.
СЕРГЕЙ ПОНОМАРЕВ, ҚР МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Баспасөз саласының мамандары ақпаратты талдап, тереңіне үңіліп, зерттеу жасап жазады. Мақалада арнайы статистиканы да қолданады. Газетті оқып отырып, жаңалықтармен танысып қана қоймай, ойлана аласың. Әлеуметтік желі мен телеарна бөлек әлем, оны басылыммен салыстыруға келмейді.
Кеш соңында музыкалық нөмірлер орындалып, «Редакция өмірінің бір күні» атты деректі фильм көрсетілді. Мерейтой аясында «Ветер перемен» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Еңбекте басылымның тыныс-тіршілігі мен журналистердің шығармашылық жолы баяндалған.