Шымкент қаласының аумағында Сәулет және қала құрылысы басқармасының мамандары заңсыз салынған нысандар бойынша кезекті рет мониторинг жүргізіп, иелеріне тиісті ережелерді түсіндірді. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңның талаптары негізінде жүзеге асырылатын бақылау барысында құрылыс нормалары мен заң талаптары бұзылып салынған ғимараттар анықталды.
Нысандардың иелеріне тиісті қағидалар түсіндіріліп, заң аясында шаралар қабылдау үшін материалдар уәкілетті органдарға жолданды. Осыған орай жауапты мамандар тұрғындарға қала аумағында құрылысты бастамай тұрып, жер учаскесінің нысаналы мақсатын және рұқсат құжаттарын тексеруді ескертеді. Барлық құрылыс міндетті түрде заң талаптарына сай және бекітілген бас жоспарға сәйкес жүргізілуі тиіс. Заңсыз салынған нысандар қала көркін бұзып қана қоймай, инженерлік желілердің, жолдар мен қоғамдық кеңістіктердің бұзылуына да себеп болуы мүмкін. Шымкент – ортақ үйіміз. Қаламызды көркем, қауіпсіз және заңға сай ұстау – әр тұрғынның парызы мен жауапкершілігі.
МЕКТЕПТЕРДЕ ОРЫН ТАПШЫЛЫҒЫН ШЕШУ МАҚСАТЫНДА 6 ҚОСЫМША ҒИМАРАТ САЛЫНЫП ЖАТЫР
Шымкенттегі әлеуметтік нысандар, соның ішінде мектептердің құрылысы қала әкімдігінің бақылауында. Қазіргі таңда мектептердегі орын тапшылығын шешу үшін 6 мектепке қосымша ғимарат салынуда. Соның ішінде екі мектептегі жұмыс 40 пайызға жуық аяқталды. Жайлау шағынауданындағы 575 орындық №16 мектепке және Ө. Жәнібеков атындағы 375 орындық №19 мектепке қосымша корпустардың құрылысы биылғы наурыз айында басталып, бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының 38 пайызы орындалды. Ал №121 Текесу жалпы білім беретін мектебіне, №66 Қазығұрт орта мектебіне, Ақжар шағынауданындағы №122, және Кенесары Қасымұлы атындағы №82 жалпы білім беретін мектептерге қосымша оқу корпустарының құрылысы қыркүйек айында басталды. Ғимараттардың құрылысына сапалы, ұзақ мерзімге төзімді материалдар қолданылып, заманауи талаптарға сай жүргізілуде. Оқу кабинеттері интерактивті тақталармен, компьютерлермен және интернет желісімен қамтамасыз етіледі. Химия, физика, биология зертханалары арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталады.