Шымкентте Кеңес Одағының Батыры Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған 44-ші халықаралық бокс турнирі басталды. Жекпе-жек додасында ұлттық құрама спортшыларынан бөлек, шетелдік бес команда бақ сынады. Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Қазақстан және Біріккен Араб Әмірліктерінен келген 100-ден аса спортшы кім мықтыны анықтауда.


Осымен 44-ші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі турнир жас спортшыларды серпілтіп, іріктеуді мақсат тұтқан. Көзге түсіп, дараланған шеберлер ұлттық құрама сапында сайыстарға жолдама алады. Сол үшін де сайыстың бәсекесі мен бәсі басым.


ЕРМЕК ДӘРМЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.

Мен ойлаймын, болашақта осындай жарыстарда топ жарған спортшылар алдағы Олимпиада мен әлем чемпионаттарын бағындырады.


Алматы облысынан келген Әділет Ерманов алғашқы жекпе-жегінде өзбекстандық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Бірінші нөмір болып шаршы алаңға шыққан ол қарсыласын әбден титықтатып, ақыры қорғанысын бұзды. Қарсылас та қарап қалмай, әр соққыға есе қайтарып, мінез көрсетті. Тартысқа толы кездесуде ұпай санымен жергілікті спортшы жеңіске жетті.


ӘДІЛЕТ ЕРМАНОВ, СПОРТШЫ

Бірінші жекпе-жек болған соң кішкене қиындау болды. Бірақ ағайлардың жоспары бойынша жеңіске жеттім. Қарсылас қиын емес, бірақ алғашқы жекпе-жек болған соң күрделілеу болды.


 Жарыстың жүлде қоры да қомақты. Жүзден жүйрік танылғандар кубоктар мен медальдардан бөлек, бас жүлде - автокөлікті де сарапқа салады. Бағалы сыйлық ең үздік боксшыға беріледі. Ал ол қалай анықталады?


СӘБИТ ТЕЛЕСПАЕВ, ШЫМКЕНТ БОКС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ

Бүгінгі жарыстың қорытындысы бойынша ең әдемі жекпе-жек өткізіп, техникалық шеберлік танытқан спортшыға көлік беріледі.


Жарыс барысында үздік өнер көрсеткендер алда өтетін Азия және әлем біріншіліктеріне қатысуға мүмкіндік алады. Ол үшін, әрине, алдымен ел чемпионатында бақ сынап, топ жаруы қажет.