Тоғызқұмалақ – Шымкент қаласында қарқынды дамып келе жатқан ұлттық спорт түрінің бірі. Қала спортшылары халықаралық бәсекелерде, Азия және әлем чемпионаттарында жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Шаһарда ұлттық спорт түрінен ҚР чемпионаттары да тұрақты ұйымдастырылуда. 2025 жылдың 1–7 қараша аралығында спорттың бұл түрінен жастар мен жасөспірімдер арасында командалық ҚР чемпионаты өтіп жатыр.


Ұлттық ойынымызды дамыту мен насихаттауға бағытталған жарысқа еліміздің барлық облыстарынан 300-ге жуық үздік спортшы қатысып, командалық есепте өз өңірінің намысын қорғайды.


БАХТИЯР МАХИМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ АТ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН КЕШЕНДІ СПОРТ КЛУБЫНЫҢ ОҚУ-ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ

– «Тоғызқұмалақ ұлттық спорт ойынымыздың бір бөлігі. Өздеріңіз білесіздер, ҚР президентінің жарлығымен ұлттық спорт ойындары олимпиада ойындарымен теңестіріліп, үлкен мәртебеге ие. Тоғызқұмалақ ойыны ұлттық ойынның негізгі бір бөлігі болып саналады. Тоғызқұмалақ ойнайтын балалар лидер болып, озат оқушылар болады. Ұлттық ойынымыз ата-бабадан қалған рухани ойынның бір бөлігі болып қалады. Спортшыларға жеңіс тілеймін. Төрешілерге әділдік тілеймін.»


Чемпионаттың мақсаты - тоғызқұмалақты бұқаралық спорт ретінде дамыту, жасөспірімдер арасында логикалық ойлау қабілетін жетілдіру және ұлттық ойын арқылы патриоттық рухты нығайту. Сонымен қатар, жасөспірімдер және жастар арасында еліміздің құрама командасын іріктеу.


 – «Барлық облыстың спорт басқармасы белсенді көмектесіп, жарысымыздың жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсетіп жүр. Өте қуаныштымыз, рахмет айтамыз. Биылдан бастап Астана қаласында тоғызқұмалақ мамандығын аштық. Биыл 4 спортшы оқуға түсті, грант иегері болды. Құдай қаласы жалғасын табатын болады. Отырғандар да сол академияның студенті болуға мүмкіндік бар. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін.Жарысымыз жоғары деңгейде өтсін. 18 команда келгеніне қуаныштымыз, тек мықтылар жеңіске жетсін.»


Айта кетсек, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен қалалық тоғызқұмалақ федерациясы бірлесіп, шаһарда көптеген турнирлер өткізуде. Қала мектептеріндегі тоғызқұмалақ үйірмесінің шәкірттері, кешенді спорт клубының спортшылары ұлттық спорттан сайысқа түсіп, үздіктерді анықтау жұмыстары үнемі жүргізілуде.