Уақыт өз өрнегін салған сайын, «Оңтүстік» телеарнасының тарихы да байып, мән мен мазмұнға толы дәуірлерден өтіп келеді. Қарашаңырақ саналатын бұл арна – тек өңірдің тынысын жеткізетін ақпарат көзі ғана емес, талайларды таныстырып, тағдырын тоғыстырған орта. Ұжымда жылдар бойы қатар еңбек етіп, бірін-бірі шығармашылық сапар үстінде таныған он бес жұп бүгінде өз отауын тігіп, өмір мен қызметтің жауапкершілігін бірге арқалап келеді.
Осы шығармашылық ордада табысып, тағдыр жолы бір арнаға тоғысқандардың қатарында Қаһарман Сұлтанов пен Қалдыкүл Дәуренбекованың есімі ерекше аталады. Қаһарман – телеарнаның техникалық тетігін ұстап тұрған бас инженер. Қалдыкүл ханым – сөз бен ойдың үйлесімін тапқан, бүгінде үйлестіруші-редактор қызметін абыроймен атқарып жүрген маман. Өмір мен қызметте қатар жол таба білген бұл жұп бүгінде үш баланың ата-анасы, ұжымның абыройлы мүшелері.
Ал мына жұптың махаббат тарихы телеарнаның іргетасы қаланған жылдармен астасып жатыр. Жас журналист пен бейнемонтажер арасындағы шынайы махаббатқа сол кездегі шығармашылық ұжым куә. Осы сәтті қуанышпен еске алған Рауза ханым үшін 5 қараша – ерекше күн. Себебі ол жыл сайын бұл күні өмірлік жары Бақыт Байларовтан гүл шоғын алады.
Телеарна – қым-қуыт тірлік пен үздіксіз шығармашылықтың ортасы. Бірақ дәл осы қарбалас өмірдің өзінен махаббат пен мейірім табуға болады. Осы жолдың қиындығы мен қызығын қатар кешкен жұптар үшін ең бастысы – өзара сыйластық пен түсіністік.
Телеарнада тоғысқан тағдырлар легі мұнымен шектелмейді. Бүгінде камера артында еңбек етіп жүрген телеоператор Нұрберік Тұрғын да өмірлік жарын осы жерден тапқан. Қазіргі таңда жас жұбайлар жанұя құрып, тұңғыш сәбилерін асыға күтіп жүр.
НҰРБЕРІК ТҰРҒЫН, ТЕЛЕОПЕРАТОР
2024 жылдың 23 желтоқсанында Арай екеуміз отау құрдық. Махаббат хикаямыз қарашаңырақ «Оңтүстік» телеарнасында бастау алды. Қазіргі таңда тұңғышымызды күтіп жүрміз. Келіншегіммен бақытты да баянды ғұмыр кешіп жатырмыз.
«Оңтүстік» телеарнасы – уақыт көшінде өз қолтаңбасын қалдырған, өңірдің үні мен рухын жеткізген қасиетті орда. Бұл қарашаңырақта тек жаңалық тарамайды – мұнда өмір өріледі, тағдырлар тоғысады, жүректер үндеседі. Ал осы он бес отбасының махаббат тарихы – ұжымның татулығы мен бірлігінің айғағы.