Биыл «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны – «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үшін айрықша жыл болып отыр. Себебі Шымкент мұнай өңдеу зауытының құрылғанына 40 жыл толды. Бұл кәсіпорын қаланың экономикасы мен әлеуметтік өмірінде маңызды орын алып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді.


1985 жылы алғашқы жанармай өндірілген уақыттан бері зауыт Қазақстанның энергетикалық жүйесінің негізгі бөлігіне айналды. Соңғы жылдары жүргізілген ауқымды жаңғырту жұмыстарының арқасында өндіріс процесі экологиялық стандарттарға толық сәйкестендірілді, өнім сапасы артты және өңдеу тиімділігі едәуір жақсарды. Мерейтой аясында зауыт аумағында бірқатар іс-шаралар өтті. Олардың қатарында мемориалдық тақтаның ашылуы, кәсіпорын есебінен салынған жаңа музей мен «Бадам-1» шағынауданында орналасқан спорт кешенін пайдалануға беру рәсімі бар. Сондай-ақ зауыттың қызметкерлері мен ардагерлеріне мерейтойлық төсбелгілер мен алғыс хаттар табысталды. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков зауыт ұжымын мерейтойымен құттықтап, кәсіпорынның қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында мұнай-газ және мұнай-химия саласының ел экономикасындағы стратегиялық маңызын атап өтіп, шикізатты терең өңдеуге бағытталған жоғары технологиялық өндірістерді дамытудың қажеттілігін көрсеткен болатын. Осы орайда Шымкент мұнай өңдеу зауыты қуаттылығын жылына 12 миллион тоннаға дейін арттыруға бағытталған жобаны жүзеге асыруда. Бұл бастама Президент айқындаған стратегиялық мақсаттармен үндесіп, ішкі нарықты сапалы отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.