Қытайдың Уси қаласында өткен таэквондодан Әлем чемпионатында жерлесіміз Нодира Ахмедова қола жүлде жеңіп алған болатын. Шымкент қаласының халықаралық әуежайынан тарихи жеңіспен оралған спортшыны күтіп алу рәсімі өтті. Іс-шараға спорт мектебінің басшылары, жаттықтырушылар, жас спортшылар және Ахмедованың ата-анасы мен бауырлары қатысты.


49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нодира Ахмедова жарысты жартылай финалда аяқтап, үздік үштіктің қатарынан көрінді. Жартылай финал кезеңінде ол Қытайлық Тайпей елінің өкілі Ю Юн Люге есе жіберді. Екінші айналымнан бастап бақ сынаған жерлесіміз Бразилия, Канада және Тайланд спортшыларын тізе бүктіріп, жартылай финалға дейін жеткен. Жиында спортшының жеке бапкері Давран Ризаев енді алдағы Азия ойындары мен Олимпиадаға дайындық жүргізетінін айтты.


 ДАВРАНБЕК РИЗАЕВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ

Бұл әлем чемпионатына біз тыңғылықты дайындалдық. Өте көп жұмыс болды. Қанша еңбек, қанша тер төгілді. Әлем чемпионатына Қазақстан чемпионатындағы іріктеуден бастадық. Қызымыз тоқтамай көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алды.


Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатында соңғы рет 2007 жылы Бейжіңде қола жүлде алған болатын. Осылайша, Нодира Ахмедова арада 18 жыл өткен соң еліміздің әйелдер таэквондосына әлемдік деңгейдегі медальді тарту етті. Сондай-ақ, Шымкент қаласына таэквондодан әлем чемпионатының медалі араға 26 жылдан кейін келді.


НОДИРА АХМЕДОВА, ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ

Сол әлем чемпионатына біз көп дайындалдық. Жеке бапкеріме қасымда болғаны үшін, маған сенгені үшін рахмет айтқым келеді. Біз тоқтамай, ары қарай жетістікке жету үшін жұмысымызды жалғастырамыз.


Айта кетсек, биылғы әлемдік сайысқа Шымкент қаласынан үш спортшы аттанды. Нодира Ахмедова жартылай финалға дейін жетсе, Самирхон Абабакиров ширек финалда қарсыласына есе жіберіп алды.