Түркістан облысының әкімі Сарыағаш ауданына арнайы іссапармен барып, бірқатар нысанды аралады. Күрделі жөндеуден өткен «Қапланбек» кеден бекетінде болған Нұралхан Көшеров атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.
Қазақстан және Өзбекстан тарапымен «Қапланбек» және «Навои» өткізу пункттерінде бір уақытта жаңғырту мен техникалық жабдықтау жұмыстары жүргізілген. Екеуі де 2025 жылдың 5 ақпанынан бастап қайта жұмысын бастады. Жеке тұлғалардың шекарадан ыңғайлы өтуі үшін барлық жағдай жасалған. Ал көлік ағыны қозғалысының барлық циклі автоматтандырылған. Өткізу қабілеті тәулігіне 20 мың жеке тұлғаға және 800 автокөлік құралына дейін ұлғайтылған. Аймақ басшысы Жібек жолы елді мекенінде орналасқан полиция бөлімі ғимаратының құрылыс барысымен де танысты. 2 қабатты нысанда жалпы 34 бөлме қарастырылған. Қазіргі таңда, сыртқы жүретін жолдарды қоршау және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ғимаратты аралап көрген Нұралхан Көшеров мердігер мекеме өкіліне құрылыс жұмыстарына сапалы материалды қолдануды, жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды.