Түркістан облысында салынып жатқан нысандардың құрылыс сапасы қатаң бақылауда. Өткен жылы жоспардан тыс 416 тексеру жұмыстары жүргізіліп, бірқатар заң бұзушылықтар анықталған.  Ол бойынша 950 хаттама толтырылып, 290 млн теңге айыппұл салынған. Оның 262,7 млн теңгесі өндірілді. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Тексеріс барысында өрескел қателіктерге жол берген  «ӘлемСтрой-1» ЖШС,  «Саха-2005» ЖШС лицензиясынан айырылған. Ал, құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз атқарған 36 мердігер мекемеге тиісті шара көрілген. Одан бөлек, 10 инжиниринг қызметін көрсететін аккредиттелген техникалық қадағалаушы мекеме де жазасыз қалмады. Сонымен қатар, 19 техникалық қадағалаушы тұлғаның сарапшы аттестаттары 6 ай мерзімге  тоқтатылған. Бұл ретте әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн 1 жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер – акредитация мен лицензиядан айыруға алып келетінін облыстық бақылау жөніндегі басқарма басшысы Айдос Исмаилов тағы бір мәрте ескертіп өтті.
Заңсыз құрылыстарды анықтау мақсатындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырған аймақ басшысы Түркістанның сәулеті мен келбетіне аса мұқият болыңыздар, деді. Бұл ретте, аудан, қала әкімдері мен тиісті сала басшыларына жұмысты жүйелеп, мониторингті күшейтуді жүктеді.
 Облыстағы жол құрылысы мен инженерлік инфрақұрылым желілерінің сапасына бақылау жүргізген тиісті басқарма бірқатар заңсыздықты әшкерелеген. Нәтижесінде жол құрылысы бойынша 23 нысанға, газ жүйелері бойынша 27 нысанға, ал ауыз су жүйесіндегі 9 нысанға, электр желілері құрылысында 8 нысанға айыппұл салынып, әкімшілік шаралар қабылданған.