Әйел тек отбасының ғана емес, қоғамның тірегі. Ол – әлемді құрушы адам. Оның әрбір жетістігінің артында ерекше күш пен мейірім, махаббат жатыр. Қандай істі қолға алса да дөңгелетіп әкететін қыз-келіншектердің ісі көпке үлгі. Келесі кейіпкеріміз міне соның дәлелі. Көлік жаңартуды ұршықша иіретін Олимпия Халматова 11 жылдан бері дәл осы салада.
Олимпия Халматова үшін ескі көлікті жаңалау сөз емес. 1 күнін ғана арнайтын ол бұл істен ләззат алатынын айтады. Автокөліктің әр бөлшегіне ерекше мән беретін ісмер келіншек қожайыны танымастай өзгерген көлігін көріп қуанғанда төбем көкке бір елі жетпей қалады, дейді.
Ісмер келіншектің негізгі мамандығы мейірбике. Денсаулық сақтау саласында 7 жылдық тәжірибесі бар білікті маман аға мейірбикелікке дейін көтеріліпті. Әрмен қарай бойымдағы талантымды тұншықтырғым келмеді деген ол дәл осы кәсіпке бет бұрған. 11 жылдың ішінде 60-қа жуық шәкірт тәрбиелеп, өзінің білген-түйгенімен бөлісіп те жүр.
Түрлі Халықаралық байқаудың бас жүлдесін иемденген ісмер келіншекті жан-жақтан іздеп келетіндер көп екен. Бірлесе жұмыс істеуге де жиі ұсыныс түсетін көрінеді. Қаншама темір тұлпарды жабдықтап жүрсе де бір қызығы өзі көлік жүргізуге мүлдем құмартпайды екен.
Осыдан кейін автокөліктің тілін тек ерлер ғана емес, әйелдер қауымы да жақсы біледі десек артық айтпағанымыз болар. Ерекше кәсіп түрін меңгерген аруларымыздың бұл ісі көпке үлгі бола бермек.