Шымкентте 52 мыңнан аса азамат үй кезегінде тұр. Бұған дейінгі сан 50 мың шамасында еді. Оның ішінде 1754 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, 16 мыңнан аса көпбалалы отбасы бар. 18 мыңнан аса әлеуметтік осал топ өкілдері тұр. Тағы 16 мыңдай бюджеттік ұйым, мемлекеттік, әскери қызметкерлер.
2024 жылғы жоспар бойынша 1000 азаматқа арендалық пәтер беру көзделген. Оның ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға 200, көпбалалы отбасыларға 351 пәтер табысталды. Әлеуметтік осал топтарға 449 пәтер берілді. Түрлі категория бойынша баспана беру шаралары тұрақты жүзеге асырылып келеді.
Наурыздан бастап «Отбасы банк» АҚ тарапынан атқарылатын бірнеше мемлекеттік бағдарламалар іске қосылады. Тұрғын үйді тиімді алуға  мүмкіндік беретін «Наурыз», «Наурыз-жұмыскер», «Ұмай» секілді ипотекалық бағдарламалардың шарттары сайтта толық жарияланған. Қатысамын деген азаматтар тиісті құжаттарды тапсырып, конкурсқа қатыса алады.
 Биыл 16 қаңтардан бастап тұрғын үй сертификаттарына өтінім қабылдау басталды. 500 млн теңге қайтарымсыз негізде сертификат беру жоспарланып отыр. Ол әлеуметтік көмек ретінде беріліп, қарыз сомасының 10%, бірақ 1 000 000 теңгеден аспайтын мөлшерде ұсынылады.