Премьер-министр Олжас Бектенов экономиканы ырықтандыру және жекешелендіру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Президенттің тиісті Жарлығы шеңберінде мемлекеттің экономикалық үдерістерге қатысуын қысқарту және бәсекелестікті арттыру шаралары жүзеге асырылуда.
Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру барысы қаралып, жұмыстың тиімділігін одан әрі арттыру және үдерісті жетілдіру шаралары талқыланды. Бүгінде әкімшілік заңнамаға бизнесті негізсіз араласудан қорғауға бағытталған түзетулер енгізілді. Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта жалпы құны 918,3 млрд теңгені құрайтын 392 мемлекеттік меншік және квазимемлекеттік сектор нысаны бәсекелестік ортаға берілді, 69 нысан қайта ұйымдастыруға/таратуға жіберілді. Сонымен қатар 21 нысан саудаға шығарылып, 155 нысан сатылымға дейінгі дайындықта. Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр экономиканы ырықтандыру, оның ішінде қамтылатын салаларды кеңейту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
ҮКІМЕТТЕ ЭКОНОМИКАНЫ ЫРЫҚТАНДЫРУ ЖӘНЕ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ ҚАРҚЫНЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
