8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мегаполис арулары үшін ерекше көңіл-күймен басталды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен "Tulip Hall" концерт залында нәзік жандыларға арналған мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Мерекелік шараның сәні кіріп, ерекше әсер қалдыруы үшін ұйымдастырушылар барынша тырысқан. Қызыл кілемнен басталған салтанатты кештің алғашқы тосынсыйы – гүл шоқтары болды. Кеш қонақтарын сап түзеген жігіттер гүл шоқтарымен қарсы алып, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Саксофон үні залға әдемі әуезді сезім сыйлап, нәзік жандыларға арналған шынайы құрметтің белгісіндей болды.
МАЙРА ОРМОЛДАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
"Арнайы шара ұйымдастырып, бізді қуантып жатқан қала әкімдігіне алғысымыз шексіз. Осындай құрмет бізге үлкен қуаныш сыйлайды!"
Мерекелік кештің басты сыйы – мегаполис өнерпаздарының концерттік бағдарламасы. Мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер көрермендердің делебесін қоздырып, тамаша көңіл-күй сыйлады. Кеш қонақтары әуезді әндер мен сахнада орындалған билерді тамашалап, ерекше әсерге бөледі.
Мерекелік кеш нәзік жандыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олардың қоғамдағы орнын тағы бір мәрте айқындай түсті. Кеш соңында әйелдерге тағы да гүл шоқтары табысталып, арнайы тосынсыйлар жасалды. Осындай шаралар әйелдердің қоғамдағы еңбегін бағалап, оларға құрмет көрсетудің жарқын үлгісі. Мегаполис аруларына арналған бұл ерекше кеш олардың көңілінде ұзақ сақталары анық.