3 айдың ішінде 12 адамды кене шаққан. Әбүйір болғанда безгек жұқтырғандары жоқ. Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бастығының орынбасары Айгүл Тұрымбетова мәлімдеді. Улы жәндіктерден тарайтын кеселдің алдын алу үшін қандай шаралар атқарылуда? Толығырақ алдағы сюжетте.
Кенелердің табиғатта жаппай шығуы әдетте наурыз-сәуір айларының басында басталады. Көбінде жануарларға шабуылдайтын улы жәндіктерден адамдар да зардап шегуде. Жыл басынан бері 12 жағдай тіркелген. Былтыр осы мезгілде кене шаққан 14 адамның 2-еуі конго-қырым қанды қызбасын жұқтырған болатын. Биыл аса қауіпті кеселге шалдыққандар жоқ.
Кене шаққанда бірден медициналық көмекке жүгіну қажет. Кеш қалған жағдайда өлімге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Вирустың таралуына байланысты кейде 14 күнге дейін ауру белгілері байқалмайды, дейді ақ халаттылар.
Бүгінде қауіпті кеселдің алдын-алу үшін жылдағы жоспарға сәйкес дезинфекциялау жұмыстары басталып кетті. 11 қолайсыз аймақ белгіленіп, қора-жай иелеріне түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде, дейді санитар мамандар. Залалсыздандыру жұмыстарының алғашқы кезеңі мамыр айының аяғына дейін жалғасады. Ал тамызда ІІ кезең басталады.