Шымкентте Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай әзербайжан этномәдени бірлестігі концерт ұйымдастырды. Бұл іс-шара полиэтносты елдегі достықты нығайтуға, мәдениетті дәріптеуге және қоғамдық келісімді арттыруға бағытталды.

 Шымкент – еліміздегі ең полиэтносты қалалардың бірі. Мұнда 25 мыңнан аса әзербайжан этносының өкілі өмір сүреді. Олар туған жері Қазақстанды дамытуға үлес қосып жатыр. Оған қоса, өз мәдениеттерін сақтап, ұлттық салт-дәстүрін дәріптеуге кедергі жоқ.

 АРЗУ ГУРБАНОВА, ӘЗЕРБАЙЖАН ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ    
 //Қазіргі таңда әзербайжандар мен қазақтардың ынтымақтастығы жоғары деңгейде. Қазір жастарымыз салт-дәстүрімізбен бірге, қазақ халқымен тығыз байланысып, қазақ тілін үйреніп өмір сүріп жатыр//

Концертте әзербайжан халқының ғана емес, басқа да бауырлас этностардың әуені мен биі орындалып, ұлттық аспапта сүйемелденген әсем әндер көрерменге көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ, қонақтар қазақ және әзербайжан халықтарының ортақ мәдени мұраларымен танысып, көрме тамашалады.

ТҰРҒЫНБАЙ КАМАНОВ, ТҮРІК ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ     
      //Білесіздер биыл Ассамблеяның 30 жылдығы, соған орай Шымкент қалалық ассамблеясы 30 іс-шара міндеттеме алған. Оның ішінде қайырымдылық, концерттік, денсаулық, спорт шаралары қамтылады//

Шымкенттегі әзербайжан этномәдени бірлестігі жыл сайын түрлі мәдени-рухани жобаларды жүзеге асырып, ұлттық бірлікті нығайтуға белсенді атсалысып келеді. Бұл мерекелік концерт те көпэтносты елдің ынтымағы мен достығының жарқын көрінісі болды.