Мектеп жасындағы балалар арасында өз жанына қастандық жасайтындар көбейіп барады. Бұл өз кезегінде ата-аналарды алаңдатып отыр. Әйткенмен баланың өсіп-жетілуіне, дұрыс бағытта есеюіне, тура жолды таңдауына отбасылық тәрбиенің рөлі зор.
Суицидтік яғни өзін-өзі өлімге итермелеудің жолын бөгеу, тіпті болмағанда азайту бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Тіпті түйткілді шаруаны ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көтеріп, ұрпақ тәрбиесіне баса мән беру қажеттігін айтқан болатын. «Балалар арасындағы әлімжеттік, бір-бірін қорлау, қорқыту да белең алып барады. Жастайынан томаға-тұйық, көпшілікпен араласа бермейтін, өзімен-өзі саяқ жүретін балалар ортасында психологиялық қысымға ұшырағанда тығырықтан шығар жол тек суицид деп қабылдайтыны өкінішті,-дейді мамандар. Бұның алдын алу баршаның парызы. Қазіргі қоғамда мектепте мұғалімдер біліммен сусындатып қана қоймай, тәрбиемен де айналысуы керек деген жаңсақ, қате ұғым қалыптасқан. Бұл дұрыс емес, әрбір ата-ана баласының келешегі үшін тәрбие беруді өзінің міндеті екенін ұғынуы тиіс. «Суицидтік көңіл-күйді болдырмаудың негізгі көзі отбасылық тәрбиеде жатыр. Осыны әрбір ата-ана ұмытпауы тиіс»,-дейді «Денсаулық» бағдарламасына қатысқан педагог-психолог.