Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еліміздің орта білім беру ұйымдарында педагог-кәсіптік бағдар беруші лауазымы ресми түрде бекітілді.
 Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, бұл бастама оқушыларға мамандық таңдауда ерте бағыт-бағдар беруге, сондай-ақ оқушылар, ата-аналар, педагогтер, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланыс пен ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған. Педагог-кәсіптік бағдар беруші оқушыларға мамандық пен білім бағытын таңдауда қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді. Жеке және топтық кәсіби кеңес беру жұмыстарын жүргізеді. Кәсіптік бағдар беруге арналған іс-шараларды ұйымдастыру да осы маманның міндетіне енеді. Жұмыспен қамту орталықтарымен, колледждермен және кәсіпорындармен байланыс орнатуды қолға алады. Оқушыларға еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар мен заманауи үрдістер туралы ақпарат беріп отырады. Жаңа лауазымның енгізілуі оқушылардың сана¬лы әрі дұрыс кәсіптік таңдау жасауына көмектеседі, жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, еңбекке бейім, білікті және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етеді.