Түркістан облысында шегіртке зиянкесіне қарсы күрес жалғасып жатыр. Атқарылып жатқан жұмысты бақылау үшін еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірге жұмыс сапарымен арнайы келді. Ведомства басшысы алдымен Арыс қаласына барып, штаб мүшелерімен бірге өңделген аумақтарды аралап көрді.


 Арыс қаласында ат басын бұрған министр, жауапты мердігерлер мен Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшылығымен кездесіп, зиянкестерді жою мәселесін талқылады. Биыл Түркістан облысында үйірлі шегірткелердің таралуы 372 мың гектар аумақты қамтуы мүмкін. Ауыл шаруашылығына келетін залалды болдырмау мақсатында өңірде химиялық өңдеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда 352,4 мың гектар жер өңделген. Шегіртке зиянкесі қоныстанған 9 аудандағы жайылым жерлердің 15 мың гектардан бөлінген картасы әзірленіп, 65 аумақта жұмысшы топ жасақталды. Шегірткенің 2-3 жас кезеңінде химиялық өңдеуге «Тиаметрин» және «Каратэ» сұйық препараттары қолданылса, 4 жас кезеңінен бастап «Ацет 200» ұнтақ түріндегі препарат жұмсалуда. Зиянкесті жоюға 2730 адам жұмылдырылған. Алқаптар 273 жер үсті бүрку техникаларымен, 54,2 мың гектар әуе арқылы 4 «АН-2» ұшағымен және көлік бара алмайтын аймақтар 7 дронмен өңделді.