Әскери борышын өтеушіге қатарластары қысым көрсетіп, атына несие рәсімдеген. Жемеген асына ақы төлеп сан соққан сарбаз сотқа шағымданып, жеңіп шыққан. Бірақ азамат әлі де банктегі берешекті төлеуге мәжбүр. «Халық заңгері» республикалық акциясына келген қала тұрғыны осылай деп шағымданды. Оған құқық қорғаушылар қандай көмек көрсетті? Қанат Жолдасбек тарқатып айтады.


Назым Бектілеуқызының сөзінше, інісі әскерде алаяқтарға алданып, несие арқалаған. Онысын сотта дәлелдеп, құзырлы орган берешекті төлеу міндетінен босатса да банк қызметкерлері қарызды талап етіп, хабарлама жолдауын тоқтатпапты.


НАЗЫМ БЕКТІЛЕУҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

– «Әскерде бірге жүрген Ақтөбелік екі бала»«Зорлық-зомбылық көрсетіп..»  – «Сыртынан онлайн айфон 13 телефонын рәсімдеп алған.»  «Кредитті інімнің баласының мойынына іліп қойған да соттан жеңіп шықсақ та. Сол мәселені сұрастырдым мына кісілерден.» 


Азаматша шағымын мамандарға айтып, заңдық кеңес алды. Қансейіт Искаховтың сөзінше шағымданушы сот үкімін банк базасына тіркеп, берекшекті төлеуден босатылғанын дәлелдеуі қажет.


ҚАНСЕЙІТ ИСКАХОВ, ЗАҢГЕР

 – «Соттың үкімі күшіне енген қазіргі таңда. Азаматшаға қолында бар үкімді каспи банктың Шымкенттегі филиалына алып барып тіркеуі қажет. Солай ғана інісін несиеден босатуға мүмкіндігі бар.»


Халық ағыны толастамайтын «Арбат» алаңында өткен «Халық заңгеріне» 60-қа тарта құқық қорғаушы қатысты. Тұрғындардың көкейтесті сауалдарына тегін жауап беріп, жан-жақты мағлұмат таратты.


 АЙНҰР ИСАБЕКОВА, ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

 – «Полиция қызметкерлері, прокуратура органдары, әкімдік қызметкерлері, басқа да барлық мемлекеттік органдар қатысып жатыр. Әрқайысы өз құзіреттік шеңберінде кеңес беріп жатыр. Кез-келген тұрғын келіп өз сұрағына жауап алса болады.» 


 Тұрғындар көтерген арыз-шағымның дені сот орындаушылар мен адвокаттарға бағытталды. Олар келушілерді мұқият тыңдап, заң шеңберінде бағыт-бағдар берді.