Түркістан облысында инфрақұрылымды жақсарту, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылысы жүріп жатқан нысандардың жай-күйіне кезекті рет шолу жасап, жауапты басшылардың есептері мен ұсыныстарын тыңдады.


 АИДА АБИБУЛЛАҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Өңір басшысына Қабанбай батыр ескерткіші аумағын ретке келтіру жобасы таныстырылды. Жоспар бойынша осы аумақта шахмат алаңы, аяқжол, орындықтар мен урналар, қоршау орнату көзделген. Қала берді, көгалдандыру жұмыстары күшейтілмек. Түркістан – бүгінде ірі туристік орталыққа айналып келеді. Сәйкесінше, теміржол бойында да тұрғындарға, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Осы ретте Түркістан теміржолы бойында екі жолаушылар көпірі салынып жатыр. Облыс әкімі солардың бірінде болып, құрылыстың сапасын бақылалды. Мердігер мен техникалық қадағалаушыға сын-ескертпе айтып, жұмыс сапасын жақсартуды тапсырды. Жауапты басшыларға осы құрылысты қадағалап, талапқа сай етуді міндеттеді. Аталған көпірлердің біреуінің ұзындығы 117 метр болса, екіншісінің ұзындығы 46 метр болмақ. Құрылысты биыл аяқтап, нысанды ел игілігіне тапсыру көзделіп отыр.


АИДА АБИБУЛЛАҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Сондай-ақ облыс әкімі құрылыс нысандарын аралап, жай-күйімен танысты. Алдымен бірнеше көшені аралап, жол жөндеу жұмыстарын қадағалады. Өңір басшысы Түркістан қаласы әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен жауапты орынбасарларының есебін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді. Мәселелер бақылауға алынды. Айта кетейік, биыл Түркістан қаласында жалпы ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.