Өзге ғаламшарлық тіршілік иесі жер бетіне саяхаттап, ата-ана қамқорлығынсыз қалған қызға қол ұшын созды. Жуырда ғана қазақ тілінде дубляждалған Disney туындысы «Лило мен Стич» кино картинасының оқиға желісі осындай. Достыққа адалдық, ата-анаға құрмет, қоршаған ортаға мейірім танытуды дәріптейтін туынды Шымкент кинотеатрларында көрсетіле бастады. Балалар күні мерекесінде байланысшылар да 180 жасөспірімді фильм залына жиып, мерекелік тарту-таралғы жасады.


 Кинозалда ине шаншыр орын жоқ. Мүлгіген тыныштық. Балалар фильм қызығына елтіп, оқиғасына еніп кеткен. 8 жастағы Дәурен Қалдарбек туындыдан оң әсер алып, ғарыш жайындағы түсінігін толыстырғанын айтады. Қиялына қанат бітірген өрен енді әуе кеңістігін зерттеп, өз бетінше ізденуге ниетті.


ДӘУРЕН ҚАЛДАРБЕК, ОҚУШЫ

 – «Бүгін біздің мерекеміз күшті өтті. Аниматорлар келіп, бізге сыйлық берді. Кино көрдік.» 


 Балалардың көңілін көтеріп, оларға қуаныш сыйлау мақсатында арнайы аниматорлар да жұмыс істеді. Бұл жас өреннің қызығушылығын еселеп, таңданысын тудырды. Ертегі кейіпкерлерімен суретке түсіп, мереке атмосферасын сезінді. Ұйымдастырушылар басты мақсат қазақ тіліндегі видео контетті қолдау, сондай-ақ жасөспірім жүзіне шаттық ұялату дейді.


 СВЕТА ЖҰМАШЕВА, "ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ" АҚ ОҢТҮСТІК ӨҢІРІНІҢ В2С КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ

– «Елге танымал «Дисней» компаниясымен келісіліп, Лоло мен Стич кино туындысын балаларға көрсетуге келдік.» 


Ұйымдастырушылар Қазақтелекомның TV+ платформасында 1000-нан аса мемлекеттік тілдегі фильм топтамалары бар екенін айтады. Жоспар бойынша мамандар жыл соңына дейін туындылар қатарын еселеп, тағы 400 контентпен толықтыруды көздейді.